Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында кездесу өтті

Көксу ауданында жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көксу ауданының Мұқаншы орта мектебінде 8-10 сынып оқушыларымен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған кездесу өтті. Іс-шараға 80-нен астам оқушы қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының салдарын түсіндіру және құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат беру.

Оқушыларға арнайы бейнематериалдар мен фотосуреттер ұсынылды. Балаларға уақытша ұстау изоляторындағы (УҰИ) жағдайлар, ондағы күдіктілердің күнделікті тәртібі, серуенге шығу сәттері, сондай-ақ электронды бақылау құрылғыларының (браслеттердің) қолданылуы туралы көріністер көрсетілді. Бұл материалдар жасөспірімдер қылмысының қаншалықты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін айқын бейнелеп, балаларға ой салды.

Сондай-ақ ашық диалог ұйымдастырылып, Жетісу облысында орын алған нақты қылмыстардың мысалдары келтірілді. Осындай форматтағы талқылаулар оқушылардың заң бұзушылықтың салдары туралы тереңірек түсінік алуына және құқыққа қайшы әрекеттерден аулақ болудың маңыздылығын ұғынуына ықпал етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің жауапкершілік сезімін қалыптастыруда және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Жастар арасында құқықбұзушылықты азайту және олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету мақсатында өңір аумағында профилактикалық жұмыстар жалғаса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру