Жетісу облысында жастар арасында «Есірткісіз өмір» іс-шарасы өтті
Текелі қаласының Мәдениет үйінде 9-11 сынып оқушылары мен студенттерге арналған «Есірткісіз өмір» атты ауқымды профилактикалық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл игі бастама Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Текелі қаласының прокуратурасы мен Білім бөлімі, сондай-ақ «Делай добро! Текелі» қоғамдық бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында есірткісіз өмір салтын дәріптеу, нашақорлықтың алдын алу, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді қалыптастыру болды. Жастардың қарым-қатынас мәдениетін дамытуға да ерекше назар аударылған бұл іс-шара олардың санасына терең ой салып, есірткіге қарсы күрестің маңыздылығын түсінуге ықпал етті.
Бағдарлама аясында ерекше форматтағы «MI BATTLE» ойыны ұйымдастырылып, 60 оқушыдан құралған 10 команда өзара сынға түсті. Жарыс барысында қатысушылар білім деңгейін, өнертапқыштық қабілеттерін және командалық рухын көрсете білді. Жарысқа 250-ден астам көрермен мен жанкүйерлер қатысып, ойынға қызығушылықпен қолдау көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командалар мен үздік командалардың капитандарына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, есірткіге қарсы ең үздік плакаттарды жасаған шығармашыл жастар да марапатқа ие болды.
Бұл іс-шара жастардың жүрегінде терең із қалдырып, олардың есірткіге қарсы күрестегі белсенді көзқарасын қалыптастырды. Мұндай бастамалар жас ұрпақты өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырары сөзсіз.