Жетісу облысында жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған форум өтті
Жетісу облысында жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасында "Legal Talk: ашық микрофон" форматында жастар форумы өтті. Іс-шара белсенді, бейжай қарамайтын және мемлекеттік органдар мен құқық қорғау жүйесі өкілдерімен ашық диалог орнатуға ұмтылатын жастарды бір алаңға жинады.
Форумға Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов қатысып, құқықтық мәдениет пен заңға саналы көзқарас тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты негізі екенін атап өтті. Іс-шара барысында қатысушылар еркін әрі сенімді форматта құқықтық сауаттылықтың өзекті мәселелерін, заң мен тәртіпті сақтау, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік тақырыптарын талқылады. Жастар өз пікірлерін ашық білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауапты тұлғалардан тікелей әрі нақты жауаптар алды.
Форумға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Есдаулетов Диас Рахметұлы, Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы мен Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Альбертұлы қатысты.
Ашық микрофон форматы форумға ерекше мазмұн беріп, жастарға ресмилік пен кедергілерсіз тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік жасады. Бұл өз кезегінде биліктің ашықтығын және өскелең ұрпақтың пікірін тыңдауға дайын екенін айқын көрсетті. Аталған іс-шара құқықтық тәрбие беру мен жастармен сенімді диалог орнатудың маңызын айқындап, жауапты, заңға бағынатын әрі белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін көрсетті.
