Жетісу облысында "Жолда қабылдау" акциясы өтті
3-4 қазан күндері Жетісу облысында тұрғындарға құқықтық әрі кеңестік көмек көрсету мақсатында кең ауқымды "Жолда қабылдау" акциясы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Алматы – Өскемен республикалық тасжолының 252-шақырымында, мамандандырылған ХҚКО маңында және халық көп жиналатын орындарда өтті. Жылы әрі достық жағдайда өткен акция барысында азаматтар полиция мен мемлекеттік органдар өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелерін тікелей қоюға мүмкіндік алды. Ол үшін арнайы мобильді қабылдау пункттері жұмыс істеді.
Жалпы облыс аумағында 27 мобильді пункт ашылып, акцияға 247 адам қатысты. Оның ішінде 97 полиция қызметкері, 42 мемлекеттік орган өкілі, 8 Қоғамдық кеңес мүшесі, 10 блогер және түрлі ұйымдардың өкілдері болды. Сонымен қатар "жедел желі" арқылы кеңес беріліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жүргізілді. Осылайша әрбір тұрғын қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік алды.
Акция барысында барлығы 472 өтініш қабылданды. Көбінесе азаматтар көлік тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, айыппұл төлеу, көші-қон заңнамасы және азаматтық қару сатып алу тәртібі туралы сұрақтарға қызығушылық танытты.
Тұрғындардың оң пікірлері мұндай іс-шаралардың халық пен полиция арасындағы сенімді арттыруға ықпал ететінін көрсетті. "Жолда қабылдау" акциясы ішкі істер органдарының заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ашық жұмыс форматының жарқын үлгісі болды.