Жетісу облысында балалардың қатысуымен 100-ден астам ЖКО тіркелді
Жетісу облысында жыл басынан бері балалардың қатысуымен 100-ден астам ЖКО тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 101 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 125 адам түрлі дене жарақатын алып, өкінішке орай 20 адам қаза тапты.
Соңғы екі жағдай Панфилов ауданында, біреуі Талдықорған қаласында орын алды.
8 қазан күні Алмалы ауылында Камаз жүргізушісі жолдың жүріс бөлігін кесіп өтіп бара жатқан 10 жастағы баланы қағып кеткен. Бала бақытымызға орай,аман қалды. Қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында. Дәл осы күні Жаркент қаласында 10 жастағы велосипедші Mazda 323 көлігінің доңғалақтарының астына түсіп, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Осыған ұқсас дерек 4 қазан күні Талдықорғанда тіркелді. Toyota көлігінің 50 жастағы жүргізушісі өз көлігінде 7 жасар қызды жарақаттаған.
Әрбір факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалады. Балалардың қатысуымен болған барлық жол-көлік оқиғаларды Облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды. Жүргізушілердің кінәсі немесе кінәсіздігі тергеу шеңберінде анықталатын болады.
– Балаларды жолдарда дұрыс мінез-құлыққа үйрету ерте жастан басталуы керек. Осылайша балаларды жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету ауыр зардаптар мен оның апатқа ұшырау мүмкіндігін азайтуы мүмкін. Баланы бұған сендіре алатын жалғыз адам – ата-ана, – деп атап өтті Жетісу облысты ПД бастығы Атығай Арыстанов.