Жетісу облысында жыл басынан бері 103 мал ұрлығы тіркелді
Жетісу облысында жыл басынан бері 103 мал ұрлығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы тәулікте Жетісу облысының полицейлері БЖҚ санатындағы (бұрын жасалған қылмыстар) мал ұрлығының екі фактісін ашты. 9 бас мал ұрлады деген екі негізгі күдікті ұсталды.
Екі ұрлық та қыркүйек айында Алакөл және Көксу аудандарында жасалған. Ұрланған малдан 6 бас ірі қара табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
– Көрші ауылдан 4 бас сиырды ұрлады деген күдікпен Алакөл ауданы Бескөл ауылының 46 жастағы тұрғыны ұсталды. Сиырлардың бірі Талдықорған маңындағы мал базарынан табылды, қалғанын күдікті сатып үлгерген. Түркістан облысының тұрғыны 35 жастағы ер адам Көксу ауданында жоғалып кеткен 5 малды ұрлады деген күдікке ілінді. Ол тек малды сатып алу және қайта сатумен айналысатынын және кезекті мәміле жасау кезінде басқа сатып алынған табынмен бірге бөтен сиырларды абайсызда алып кеттім деп мәлімдеді, олар көрші аймақтан жеткізіліп, заңды иесіне қайтарылды, – дейді Жетісу облысы ПД КПБ.
Жыл басынан бері облыста 103 мал ұрлығы тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер бұрын ұрланған 156 бас тауып, ауыл тұрғындарына қайтарды.