Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысының автожолдарында 120-дан астам адам жол апатынан қаза тапқан

Жетісу облысының автожолдарында 120-дан астам адам жол апатынан қаза тапқан,  - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың өзінде өңірде 428 ЖКО тіркеліп, 123 адам қаза тапты. Олардың ішінде 20 бала бар.

Бүгін Талдықорған журналистер үйінде өткен брифинг жол қауіпсіздігі тақырыбына арналды. Брифингте ЖПҚБ бастығы Қайсар Махметов сөз сөйлеп, өңір жолдарындағы апат туралы хабарлады. Сондай-ақ полицейлер бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылық өкілдеріне 19 қарашада Дүниежүзілік жол көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні туралы еске салды.

- Қарашаның 13-19 күні аралығында біз уәкілетті мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен, БАҚ-пен бірлесіп өңірде "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" кең ауқымды акциясын өткіземіз. Біздің мақсатымыз - жолдағы өлім-жітімге және жол қозғалысының барлық қатысушыларының ықтимал қаупіне назар аудару. Біздің өңірде 428 ЖКО орын алып, онда 123 адам қаза тауып, жарақат алғандар 631, - деді Қайсар Мұхметов.

Полицейлер жол-көлік оқиғасында қаза тапқандарды еске алуға және ауыр жағдайда жақындарын жоғалтқан отбасыларға жанашырлық танытуға шақырды.

- Жыл сайын бүкіл әлем бойынша жол апаттарында 1,3 миллионнан астам адам қаза тауып, 20-50 миллион адам түрлі жарақат алады. Күн сайын 3 мыңнан астам ерлер, әйелдер мен балалар жаяу, велосипедпен немесе көлікпен жүргенде апатқа ұшырап жатыр, - деп атап өтті ЖПҚБ-да.

Полиция "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы акциясы аясында "Көзге түс", "Сіздің жолаушыңыз – бала", "Біз өмірге сенеміз!", "Үздік автомектеп", сондай-ақ "Қамқор Ана", "Студенттік идеялар мен бастамалар - қауіпсіз жол қозғалысы үшін" және "Жүргізушіге хат!" атты бір қатар іс-шаралар өткізу жоспарда барын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру