Жетісу облысының бас полицейі халық алдында есеп берді
Жетісу облысының бас полицейі халық алдында есеп берді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Зәкірұлы Құсаиновтың халықпен есептік кездесуі өтті. Оған облыс орталығы мен жақын аудандардың тұрғындары қатысып, шалғай өңірлер бейнебайланыс арқылы қосылды.
Кездесу барысында өңірдің бас полицейі алдымен облыстағы жедел жағдай туралы баяндама жасап, ішкі істер органдарының негізгі жұмыс бағыттарын түсіндірді. Ол 2025 жылдың Ішкі істер министрлігімен құқық бұзушылықтың алдын алу жылы ретінде жарияланғанын атап өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері және олардан қорғану жолдары, синтетикалық есірткілердің қаупі мен олардың алдын алу шаралары, сондай-ақ жол қауіпсіздігі мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат беріліп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосқан облыс тұрғындары марапатталды. Тұрғындар полиция қызметінің сапасы, құқықтық тәртіпті нығайту және қылмысқа қарсы күрес туралы сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізді. Көптеген мәселелер бойынша нақты жауаптар берілді, ал кейбір сұрақтарды департамент бастығы өз бақылауына алды.
Осындай есептік кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Жетісу облысының полиция қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.