Жетісу облысының полицейлері браконьерлерді анықтап жатыр
Жетісу облысының полицейлері браконьерлерді анықтап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау ведомстволарының қызметкерлерімен бірлесіп, өңірдің флорасы мен фаунасын қорғау жөніндегі жұмысты едәуір күшейтті. Балық инспекторлары, полиция, сондай-ақ орман және аңшылық шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мамандандырылған топ Жетісу облысының барлық қорық аймақтары мен су қоймаларында тексеріс жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері Жетісу өңірінде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 170 адам ұсталды. Ұсталғандардың ішіндегі жетеуінің ҚР ҚК-нің 337-бабы мен 335-бабы бойынша 4 қылмыстық іске қатысы бар. Соңғы факт Қаратал ауданында тіркелді. 24 қаңтарда көрші Қарағанды облысының 44 жастағы тұрғыны Балқаш көлінде ұсталды.
– Ер адам балық аулау үшін тыйым салынған дараталшық торларын пайдаланды. Ұсталған адамнан заңсыз ауланған 65 келі балық тәркіленді. Мемлекетке келтірілген залал 437961 теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша жүргізіліп жатыр, – деді табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.