Жетісу облысының полицейлері оқушыларға есірткінің зиянды әсері туралы кездесу өткізді
Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Текелі қаласының оқушыларымен есірткінің зиянды әсері тақырыбында кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Репусбликасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мақсатында, Жетісу облысы ПД-ның ұйымдастыруымен «Қос қанат Жетісу» үкіметтік емес ұйым өкілдері және каратэ бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Қайратұлының қатысуымен Текелі қаласының оқушыларына арнап мотивациялық кездесу өткізілді.
– Оқу орындары есірткінің зияны және олардың адамдардың денсаулығы мен өміріне әсері туралы ақпарат беруде маңызды рөл атқарады. Есірткінің алдын алуға бағытталған шараларда жеке жауапкершілік, өзін-өзі бағалауды нығайту және есірткінің әсеріне қарсы тұру дағдыларын дамыту кіреді, – деп атап өтті ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Меруерт Искакова.
Дәулет Қайратұлының айтуынша, нашақорлық – бұл ең алдымен рухани проблема, шынайы және жалған құндылықтарды таңдау. Сондықтан ол жастар саясатымен, жас ұрпақты тәрбиелеу процесін ұйымдастырумен және қоғамда құндылық бағдарлар жүйесін қалыптастырумен тығыз байланысты.
Сондай-ақ қонақ өз шеберлігін көрсетіп, спорттағы табыстардың құпияларымен бөлісті және балаларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы айтты.