Жетісу өңірінде "Таза жағалау" экологиялық акциясы өтті
Жетісу облысында полиция қызметкерлері мен еріктілердің бірлесуімен Балқаш және Алакөл көлдерінің жағалауын қамтыған кең ауқымды экологиялық "Таза жағалау" акциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның басты мақсаты – тек ластанған жағалауларды тазарту ғана емес, сонымен қатар азаматтарда, әсіресе жас буында қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Акция барысында қатысушылар демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтар мен пластиктерден жағалау аумағын тазалап, ауқымды санитарлық жұмыс жүргізді.
Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары ерекше назарда болды: туристермен, жергілікті тұрғындармен және демалыс базаларының әкімшілігімен тазалық сақтау, экологиялық сана қалыптастыру және қоғамдық кеңістіктерге құрметпен қарау жөнінде әңгімелер жүргізілді.
— Біз тек қоқыс жинап жатқан жоқпыз. Біз өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына табиғатқа жанашырлық мәдениетін сіңірудеміз. Тәртіп – ең алдымен, таза жағадан, өзгенің еңбегіне құрметтен қараудан және жеке жауапкершіліктен басталады, деді — акция қатысушыларының бірі.
– "Заң мен тәртіп" қағидасы – бұл жай ғана ұран емес, бұл – бала кезден бастап қалыптасатын тәртіп пен заңға негізделген жол. Әр азамат табиғатқа құрметпен қарау – қоғамға және елдің болашағына деген құрметтің белгісі екенін түсінуі тиіс. "Таза жағалау" акциясы құқықтық тәртіпті нығайту мен қоғамда экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған ортақ бастаманың бір бөлігі болды. Мұндай шаралар азаматтық белсенділікті қалыптастырып, жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға зор үлес қосады, — деп атап өтті Жетісу облыстық полиция департаментінің өкілі.