Жетісу полицейлері Наурыз мерекесіне орай қазақ күресінен жарыс өткізді
Жетісу полицейлері Наурыз мерекесіне орай қазақ күресінен жарыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпыұлттық Наурыз мерекесі қарсаңында Жетісу облысының полиция департаментінде қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды.
– Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мен қалыптастыру үшін ұлттық спорт түрлерін танымал ету негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан біз жыл сайын қазақ күресі бойынша турнирді Наурыз мейрамына арнап өткіземіз. Шараның басты мақсаты – ҚР Ішкі істер министрлігінің республикалық чемпионатына қатысу үшін облыс құрама командасын іріктеу және дайындау, – дейді Жетісу облысы ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Мұхит Бөлегенов.
Спорттық жарыста 108 спортшыдан тұратын 11 команда, оның ішінде департамент аппаратының және аудандық бөлімдерінің, сондай-ақ Жетісу облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері бақ сынасты.
Қатысушылар арасындағы жарыс жеті түрлі салмақ дәрежесінде өтіп, 21 қызметкер жүлделі орынға ие болды.
– Жалпы командалық есепте үшінші орынды Талдықорған полициясының командасы иемденді. Құрметті екінші орын мамандандырылған күзет қызметі басқармасының спортшыларына бұйырды. Ал үздік команда болып облыстық полиция департаментінің қызметкерлері танылды, – деп толықтырды М. Бөлегенов.
Жүлделі орындарға ие болған командалар мен қызметкерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, медальдармен марапатталды.