Жетісу полицейлері студенттермен профилактикалық кездесу өткізді
Жетісу полицейлері студенттермен профилактикалық кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жетісу облысының білім басқармасы, «Қос қанат» үкіметтік емес ұйымы, психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологымен бірлесе отырып, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенттері үшін «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбымен кездесу өткізді.
– Нашақорлық – бұл өте қорқынышты және іс жүзінде емделуі қиын ауру, өйткені ол есірткінің әсеріне тұрақты психикалық және физикалық тәуелділікке алып келеді. Есірткі масаюды, тәуелділікті тудырады, – деп атап өтті ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Меруерт Искакова.
«Қос қанат» үкіметтік емес ұйымының психологы жастарға есірткіге қарсы бағытта тақырыпты оларды қызықтыратын тренинг ретінде ұсынды.
Студенттер пікірталасқа белсенді қатысып, өз ойларын, көзқарастарын білдірді, өмірден алынған оқиғалармен бөлісті, көптеген сұрақтар қойып, оларға қажетті жауаптарын алды.
Іс-шара соңында шақырылған қонақтар жастарға заңға бағынатын азамат болуға, алдыларына мақсат қоюға, табысқа жетуге, салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен шұғылдануға кеңес берді.