Жетісу полицейлерін Қарағанды академиясына кәсіби деңгейлерін арттыруға шақырды
Жетісу облысының полицейлерін ҚР ІІМ Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына кәсіби деңгейлерін арттыруға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу полицейлеріне ҚР ІІМ Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында жоғары оқу орнынан кейінгі оқудың шарттары туралы айтылды.
– Біздің кездесуіміздің негізгі мақсаттарының бірі – полицейлермен кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізу. ҚР ІІМ Қарағанды академиясы бакалавриат бағдарламасынан басқа, магистратура мен докторантура бойынша да білім беру қызметтерін көрсетеді, – деп атап өтті ҚР ІІМ Қарағанды академиясының кәсіби даярлау факультеті бастығының орынбасары Надежда Ахметжанова.
Полиция қызметкерлерін PhD докторантурасында, бейінді және ғылыми-педагогикалық магистратурада кәсіби деңгейін арттыруға шақырды. Оқуға түсу шарттары, тұру және стипендия төлеу жүйесі туралы толық түсіндіріліп, оқудың келешектегі пайдасы мен артықшылықтары туралы айтып берді.
– Облыс орталығының мектептеріндегі кадет сыныптарын көргенімде таңғаларлықтай қуандым. ҚР Ішкі істер министрлігі кадрлардың сапасын арттыруға және тәлімгерлік мектебін жаңғыртуға бағыт алғанын ескере отырып, Жетісу облысының полиция департаменті жас полицейлердің өскелең буынына бәс тігіп, дұрыс бағытта келе жатыр деп санаймын. Баршаңызға жұмыста сәттілік және шыдамдылық тілеймін, – деді Н.Ахметжанова.
Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлеріне ҚР ІІМ академиясының қабырғасында оқу барысын көрсететін тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
– Біз қызметкерлеріміздің өзін-өзі дамытуға және кәсіби өсуге ұмтылыстарын толық қолдаймыз. Жоғары оқу орнынан кейінгі ҚР ІІМ білім беру мекемелеріне оқуға түсуге ниет білдіргендер үшін қолдау көрсетіледі, себебі жоғары білікті мамандар полиция қатарында әрдайым сұранысқа ие, – деп атап өтті облыстың ПД ТжКЖБ бастығының орынбасары Салтанат Абдилова.