"Жетісу полиция барысы": Жетісу өңірінде спорттық турнир өтті
Жетісу өңірінде спорттық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу өңірінде полицияның жеке құрамы арасында қазақ күресінен "Жетісу полиция барысы" атты турнир ұйымдастырылды.
Дода дене шынықтыру-спорт қоғамы "Динамо" базасында өтті. Бұл зал талай мәрте нағыз жеңістер мен қайсар рухтың куәсі болған.
Аталған жарыс тек дене дайындығын сынау ғана емес, шынайы жеңіске бастар жолға айналды — қарсыласты, шаршауды және ең бастысы, өз-өзін жеңу жолы болды.
Қазақ күресі — жай ғана спорт емес. Бұл — мінездің, төзімнің және ар-намыстың көрінісі. Татамиге облыстың қала және аудан бөлімшелерінен келген қызметкерлер шықты.
60-тан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде олар тамаша физикалық дайындықтарын, тактикалық шеберліктерін және жауынгерлік рухтарын көрсетті. Әр белдесу тартысты өтті, әр жеңіс маңдай термен келді.
Спорт шын мәнінде жақындастырады. Залда ерекше бірлік атмосферасы сезілді. Мұнда шен мен лауазым болған жоқ — тек бір форма киген, бір қызметті атқаратын тең қарсыластар болды.
Әріптестердің қолдауы, қарсыласқа деген құрмет және әділ күреске ұмтылыс турнирдің басты қағидаттарына айналды.
Командалық есепте бірінші орынды сенімді түрде Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері иеленді.
Екінші құрметті орынды Ақсу ауданының командасы алды. Үздік үштікті Ескелді ауданының қызметкерлері түйіндеп, лайықты әрі әсерлі күрес көрсетті.
Полиция қызметкерінің күші тек физикалық дайындықта емес, мінездің беріктігінде, антына адалдығында және соңына дейін баруға деген табандылығында.
"Жетісу полиция барысы" турнирі спорттың рухты шыңдайтынын, ұжымды бекемдейтінін және нағыз көшбасшыларды қалыптастыратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жеңіске бастар жол тәртіптен басталып, табандылықпен жалғасып, лайықты даңқпен аяқталады.
