Жетісу полициясы аккумулятор ұрлығының 5 жайтына қатысы бар күдіктіні құрықтады
Жетісу полициясы аккумулятор ұрлығының 5 жайтына қатысы бар күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазан айының соңында Көксу ауданы Балпық би ауылында жүк автомобильдерінен аккумуляторларды ұрлау деректері тіркелді. Аудан полицейлері ұрлық жасаған 23 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
– Аккумуляторларды ұрлау фактілері жеке үйлердің жанында тұрған жүк көліктерінен жасалған. Күдіктінің бес ұрлық эпизодына қатысы бар екені дәлелденді. Барлығы 10 аккумулятор табылды, олардың бір бөлігі сатып алушылардан, екіншісі ұсталған жігіттің тұрғылықты жерінен тәркіленді. Жәбірленушіге келтірілген залал шамамен жарты млн теңгені құрады. Тергеу ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша жүргізілуде. Аудандық соттың санкциясымен күдікті үй қамағына алынды, – деді Көксу аудандық полиция бастығының міндетін атқарушы Александр Солодовников.
Жүк көліктерінің иелері ұрлық фактілерін дер кезінде ашып, қымбат дүниелерді қайтарып берген тәртіп сақшыларына алғыстарын айтты.