Жетісу полициясы оқушыларға киберқауіпсіздік туралы сабақ өткізді
Жетісу облысының киберполиция басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласындағы №30 мектепте интернет қауіпсіздігіне арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында оқушыларға интернет алаяқтықтың заманауи түрлері мен киберкеңістіктегі қорғану тәсілдері туралы кеңінен түсіндірілді. Полицейлер ерекше назарды дропперлікке аударып, оның мәнін, дропперлердің кім екенін және мұндай заңсыз әрекеттерге қатысудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді.
Сонымен қатар қатысушылар алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерімен де танысты. Қазір киберқылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлермен қатар, компьютерлік ойындар арқылы да әрекет етіп, жасөспірімдердің сеніміне кіріп, тәжірибесіздігін пайдаланады.
Кездесу соңында оқушыларға күмәнді ұсыныстар мен күдікті жағдайлар туындаған кезде хабарласуға болатын сенім телефондары мен ресми ресурстар туралы ақпарат берілді.
Киберполиция өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады және олардың басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі жауапты мінез-құлықты қалыптастыру және киберқылмыстардың алдын алу.