Жетісу тұрғындары полицейлерден құқықтық көмек алды
Жетісу тұрғындары полиция мен мемлекеттік органдардан құқықтық көмек алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 2–15 маусым аралығында Жетісу облысында "Жолдағы қабылдау" атты ауқымды акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты — азаматтарға жол және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша құқықтық және кеңестік қолдау көрсету.
Акция республика көлемінде маңызды Алматы – Өскемен тас жолының, мамандандырылған ХҚКО дәліздері мен көпшілік жиналатын орындарда ұйымдастырылды. Барлығы 27 мобильді пункт жұмыс істеп, тұрғындар тікелей полиция және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен кездесті.
Акция барысында құқық қорғау органдарының қызмет көрсету моделі "сервис" форматына көшірілді. Ашық диалог нәтижесінде полиция мен халық арасындағы сенім нығайып, жолдар мен қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында серіктестік қатынас қалыптасты.
Акцияға ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қоғамдық кеңес мүшелері, блогерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Халыққа ыңғайлы болу үшін "сенім" телефон нөмірлері іске қосылып, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылды.
"Жолдағы қабылдау" барысында 640 өтініш түсті, оның 115-і тікелей эфирде, 30-ы "сенім" телефоны арқылы келді. Азаматтарды автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, айыппұлдарды төлеу, миграциялық заңнаманы сақтау, азаматтық қару сатып алу және басқа да өзекті мәселелер қызықтырды.
Тұрғындардың "Жолдағы қабылдау" форматындағы шараға деген оң көзқарасы осындай бастамалардың маңыздылығын және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың қажеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.