Жетісу университетінің студенттері дропперлік пен интернет-алаяқтықтың қауіптерімен танысты
Жетісу университетінің студенттері дропперлік пен интернет-алаяқтықтың қауіптерімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы банк өкілдерімен бірлесіп студенттерге профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Кездесуде негізгі назар цифрлық сауаттылықты арттыруға және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталды. Банк мамандары кең тараған алдау тәсілдері туралы түсіндірсе, полицейлер онлайн кеңістікте қауіп-қатерден қорғану жолдарын ұсынды.
Бөлек тақырып ретінде дропперлік мәселесі қаралды. Яғни азаматтар қылмыскерлердің өтініші бойынша банктік карталар рәсімдеп немесе өз шоттарын заңсыз ақша аударымдары үшін пайдалануға береді. Полицейлер мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын және заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
Шараға экономика және құқық факультетінің 200-ге жуық студенті қатысты. Оларға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелері жазылған жадынамалар мен пайдалы кеңестер берілді.
Осындай сабақтар университеттің өзге факультеттерінде де жалғасын тауып, жастарды "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыруға тартуға мүмкіндік береді.