Жетісуда балаларға арналған профилактикалық сабақтар өткізіліп жатыр
Жетісуда балаларға арналған профилактикалық сабақтар өткізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының аудан мектептерінде патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жол қозғалысы ережелеріне арналған профилактикалық сабақтар өткізіп жатыр. Бұл шаралар балаларға жолда дұрыс жүріп-тұру мәдениетін сіңіріп, оларды жас кезінен бастап тәртіпке, мұқияттылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуді көздейді.
Полицейлер оқушыларға жол белгілерінің мағынасы мен бағдаршам сигналдарын, жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібін жан-жақты түсіндіріп, жолдағы сақтықтың маңызын нақты мысалдар арқылы ұғындырды. Сабақтар интерактивті түрде ұйымдастырылып, көрнекі құралдар мен практикалық жаттығулар арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға баса мән берілді.
Балалар жол қозғалысына қатысушы ретінде қандай қауіп-қатерге тап болуы мүмкін екенін, әр қадамын ойланып басу қажеттігін тереңірек түсіне бастады. Тәртіп сақшылары өз қызметтік тәжірибесінен алынған нақты оқиғаларды баяндап, балалардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Мұндай алдын алу шараларының маңыздылығын жол-көлік оқиғаларына қатысты статистика да растайды. Жыл басынан бері Жетісу облысының аумағымен өтетін республикалық маңызы бар автожолдарда 50 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 89 адам зардап шеккен. Олардың төртеуі — кәмелетке толмағандар.
Полицейлер мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Себебі жолдағы қауіпсіздік — тек ересектердің ғана емес, балалардың да ортақ міндеті. Ал бұл мәдениетті қалыптастыру балалық шақтан басталуы тиіс.