Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда мас күйінде рөлге қайта отырған жүргізуші жауапқа тартылды

Жетісуда мас күйінде рөлге қайта отырған жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының полицейлері Панфилов ауданының 29 жастағы тұрғынын қылмыстық жауапкершілікке тартты. Бұған дейін бірнеше рет жазаға тартылса да, ол тағы да мас күйінде көлік жүргізіп, өз өмірін және өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тіккен.

2025 жылдың қазан айында Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автомагистралінің шығыс бағытында КамАЗ жүк көлігін басқарған жүргізуші алдындағы VOLVO FH көлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын тудырған. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ, алайда екі көлік те айтарлықтай зақымданған.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер көлікті арнайы тұраққа қойып, жүргізушіні ұстады. Тексеру барысында оның мас күйінде болғаны және бұрыннан көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.

Тергеу кезінде күдікті өз кінәсін мойындады. Ол 15 қазан күні сағат 22:00 шамасында Ынтымақ ауылындағы үйінде алты бөтелке сыра ішкенін, содан соң жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, Қытай Халық Республикасына қарай жолға шыққанын айтқан.

Бұл азаматтың заңды елемеуі алғаш рет емес.

  • 2021 жылы ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған.

  • 2022 жылы қайта ұсталып, сот шешімімен 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған.

Алайда ол бұл жазалардан сабақ алмаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша (Жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде көлік басқаруы) қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапқа сәйкес, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жетісу облысының полициясы тұрғындарға тағы да ескертеді:

Мас күйінде көлік жүргізу — жай ғана құқық бұзушылық емес, бұл — қылмыс;

Заңды елемеу ауыр және қайғылы салдарға алып келуі мүмкін,

Полиция қызметкерлері азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында мұндай фактілердің алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру