Жетісуда мінсіз қызметімен ерекшеленген полиция қызметкерлері марапатталды
Өңір полициясында үздік қызметкерлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық департаментте ПД бастығы Сарқытбай Құсайыновтың төрағалығымен жедел кеңес өтіп, былтырғы жұмыс қорытындыланып, алдағы кезеңге қойылған мақсаттар мен жұмыс бағыттары талқыланды.
Кеңес барысында облыстың бас полицейі Президенттің ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі міндеттерін, сондай-ақ өткен ҚР ІІМ алқа отырысында ішкі істер министрі Ержан Саденов жүктеген талаптар мен тапсырмаларды жеке құрамға жеткізді.
Жиын соңында департамент бастығы бейнеконференцбайланыс арқылы өз қызмет бағыты бойынша үздік нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкердің жұмысын атап өтті.
Ескелді АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі Ілияс Сапарғалиев үздік жедел қызметкер болып танылды. Үздік тергеуші Талдықорған ҚПБ-нан Надира Нұралинова болды. Қаратал АПБ-нен Алмас Оңғаров үздік учаскелік полиция инспекторы атанды. Панфилов АПБ-нің қос қызметкері марапатқа лайық деп танылды: Бақдәулет Ұзақбаев үздік анықтаушы, ал Мәди Әбу үздік криминалист атанды.
– Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Қылмысқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүріп, құқық бұзушылыққа қарсы тұруға үлкен үлес қосып келесіздер. Сіздерге өз ризашылығымды білдіремін. Күн сайын сіздерді қолдап, қызметте одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге күш беретін ата-аналарыңызға, жұбайларыңыз бен балаларыңызға алғысым шексіз! – деп атап өтті Сарқытбай Құсайынов.
Аудандық бөлімшелердің басшылары үздік деп танылған қызметкерлерді жеке құттықтады, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне алғыс білдірді.
Грамотадан басқа ведомство бастығының атынан үздік сақшыларға майдангер-жазушы Александр Бектің батыр Бауыржан Момышұлының ерліктері туралы баяндайтын «Волоколамское шоссе» кітабы табысталды.