Жетісуда полицейлер балаларға мерекелік қуаныш сыйлады
Жетісуда полицейлер балаларға мерекелік қуаныш сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жүрекке жылу сыйлаған ерекше сәт болды. Бұл жолы полиция қызметкерлері - жедел-криминалистикалық басқарма мен тергеу басқармасының өкілдері - орталыққа қызметтік міндетпен емес, мейірімге толы жүзбен, ізгі тілектермен және тәттіге толы сыйлық қапшықтарымен келді.
Жаңа жылдық кейіпке енген полицейлер балалар үшін нағыз ертегі кейіпкерлеріне айналды. Тіпті олардың бірі Аяз ата бейнесін сомдап, бүлдіршіндерге шаттық пен қуаныш сыйлады. Қызметтік форма киген жандардың осындай жылы қарым-қатынасы балалардың жүрегіне үміт отын жағып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Балалар үшін бұл - жай ғана мерекелік шара емес, қамқорлық пен назарды, жақсылыққа деген сенімді сезінудің ерекше сәті болды. Сол күнгі күлкі, шат көңіл, шынайы эмоциялар мен жарқыраған көздер — мерекенің ең қымбат сыйына айналды.
Мұндай кездесулер жаңа жылдың мәні тек жарқыраған шамдар мен сыйлықтарда ғана емес екенін тағы бір мәрте еске салады. Ол - ең алдымен адам жүрегіндегі жылу, жанашырлық таныта білу және соған ерекше мұқтаж жандарға үміт сыйлау.
Әрбір баланың өмірі осындай жарық сәттерге, қамқорлық пен ғажайыпқа деген сенімге толы болсын.
