Жетісуда полицейлер дронның көмегімен мыңнан астам жол ережесін бұзушыларды анықтады
Жетісуда полицейлер дронның көмегімен мыңнан астам жол ережесін бұзушыларды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу - формальдылық емес, заң талаптарын елемеу арқылы адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіретін әрекет. Әсіресе ұялы телефон пайдалану секілді елеусіз көрінетін бұзушылықтар жүргізушінің назарын бірнеше секундқа аударып, көлікке бақылауды жоғалтуға және жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында Жетісу облысының полицейлері заманауи технологияларды белсенді түрде қолданысқа енгізіп келеді. Солардың ішінде ең тиімді құралдардың бірі - пилотсыз ұшу аппараттары, яғни дрондар.

Соңғы уақытта дрондардың көмегімен мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Атап айтқанда қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпті маневр жасау, жарық шамдарын пайдалану тәртібін бұзу, мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізу, жол қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретін өзге де әрекеттер.
Дрондар тек құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін ғана емес, іздестіру операцияларында да тиімді қолданылуда. Олар жоғалған адамдарды, сондай-ақ жоғалған малды табуға көмектесіп, кең аумақты жедел шолу мүмкіндігі арқылы іздеу жұмыстарын айтарлықтай жеделдетеді. Әсіресе жер бедері қиын өңірлерде бұл тәсілдің тиімділігі өте жоғары.

Пилотсыз аппараттарды пайдалану жүргізушілердің тәртібін жақсартуға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға ықпал етеді.
Заң мен тәртіп - қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі тірегі. Жетісу облысының полициясы заманауи технологияларды кеңінен қолдана отырып, өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
