Жетісуда полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтті
Жетісуда полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтық – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға қарамастан, азаматтар әлі де алаяқтардың арбауына түсіп, материалдық шығынға ұшырап жатады. Артық сенім мен ақпараттың жеткіліксіздігі – басты себептердің қатарында.
Осыған байланысты өткен демалыс күндері Жетісу облысының аумағында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды түсіндіру іс-шарасы өтті. Полиция қызметкерлері өңірдің барлық қала және аудандарындағы адам көп жиналатын сауда үйлері мен базарларда болып, тұрғындарға кеңінен ақпарат берді. Акция барысында 16 мыңнан астам жадынама мен ақпараттық брошюралар таратылды.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 145 фактісі тіркелген. Көп таралған тәсілдер мыналар:
1. Әлеуметтік желілер (Instagram, WhatsApp, Telegram) мен онлайн платформаларда (Kolesa, OLX) тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем арқылы алдау;
2. Азаматтардың атына рұқсатсыз онлайн несие рәсімдеу;
3. Шетелдік инвестициялық платформалар мен жалған банктерге қаражат салу;
4. Қаржы айналымы, ойын немесе бәс тігу арқылы табыс табуға уәде беру;
5. Жалған аккаунттар арқылы көмек сұрау;
6. Банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, жеке деректерді сұрау.
Полиция азаматтарды интернеттегі байланыс кезінде мұқият болуға, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және алдын ала төлем жасамауға шақырады. Күмәнді жағдайлар туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Алаяқтықтың алдын алу – әркімнің ортақ жауапкершілігі. Қаржылық қауіпсіздік өзіңізден басталатынын ұмытпаңыз.