Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полицейлер мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық қуаныш сыйлады

Жетісуда полицейлер мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық қуаныш сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері Көксу ауданы Балпық би ауылында орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» орталығының тәрбиеленушілеріне арнап жаңа жыл мерекесін ұйымдастырды.

2010 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан «Үміт» орталығы 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетеді. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу, олардың дамуына жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Полиция қызметкерлері ұйымдастырған жаңа жылдық іс-шара балалардың көңілін көтеріп, мерекелік атмосфера сыйлады. Балаларға арнап түрлі ойындар ойнатылып, шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар тәрбиеленушілерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара барысында полицейлер балалармен жылы шырайлы қарым-қатынас орнатып, олардың көңілінен шықты. «Үміт» орталығының басшылығы мен тәрбиешілері полиция қызметкерлерінің бұл бастамасын жоғары бағалап, алғыстарын жеткізді.

– Біз үшін балалардың жүзіндегі қуаныш пен бақыттан артық сый жоқ. Осындай іс-шаралар олардың өміріне жарқын естеліктер қосады деп сенеміз, – деп атап өтті Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы.

Бұл шара Жетісу облысы полицейлерінің қоғаммен байланысты нығайту, әсіресе, ерекше балаларға қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан жұмыстарының бір дәлелі. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру