Жетісуда полицейлер оқушылар мен ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді
Жетісу полицейлері оқушылар мен ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы №22 орта мектепте Жетісу облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқушылар және олардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер санасына "Заң мен тәртіп" қағидатын сіңіре отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарды зиянды әрекеттерден сақтау.
Кездесу барысында оқушыларға құқықтық жауапкершілік туралы кең көлемде мәлімет беріліп, кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері мен олардың салдары жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара аясында жастарға арнап тәрбиелік мәні зор бейнероликтер көрсетілді. Онда темір тордың ар жағында өмір сүріп жатқан жасөспірімдердің тағдыры арқылы қателіктің қайғылы салдары көрініс тауып, оқушыларға терең ой салды.
Сонымен қатар ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жазғы демалыс кезеңінде оларды бақылауда ұстау, сондай-ақ зиянды әдеттерден, әсіресе есірткі заттарынан сақтандырудың маңыздылығы жөнінде нақты кеңестер берілді.
Полицейлер отбасы мен құқық қорғау органдарының бірлескен әрекеті жас ұрпақтың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, заңды құрметтейтін азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетінін ерекше атап өтті.