Жетісуда полицейлер қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптесін еске алды
Жетісуда полицейлер қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптесін еске алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл полиция капитаны Ержан Ахметовтың қаза тапқанына он төрт жыл толып отыр. Ол — соңғы деміне дейін антына адал болып, халқының қауіпсіздігі жолында қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан нағыз батыр офицер. 2013 жылдың маусым айында ол заң мен тәртіпті қорғау жолында жанын қиып, ел жадында мәңгі сақталатын өшпес ерлік жасады. Оның ерлігі — батылдықтың, жауапкершіліктің және Отанға қалтқысыз қызмет етудің айқын үлгісі.
Бұл күн — Ахметовтер әулеті үшін ерекше әрі жүрекке ауыр күн. 1973 жылы дүниеге келген Ержан Боранбайұлының биыл 53 жас толар еді. Алайда уақыт оның есімін, ерлікке толы ғұмырын ұмыттыра алған жоқ. Қызметтестері үшін ол әрдайым кәсіби білігі жоғары маман ғана емес, сенімді әріптес, ақылшы әрі жүрегі кең азамат болып қала бермек.
Ерлікке толы есімді оның отбасы да құрметпен, қадірмен сақтап келеді. Өмірлік жары — полиция қыметкері Баян Ахметова да қайсарлық пен рух мықтылығының жарқын үлгісі. Ауыр қайғыға қарамастан, ол мойымай, қоғамға қызмет етуді жалғастырып, ұлын елге адал қызмет ету рухында тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде әкесінің жолын қуған Азамат Боранбаев полиция қызметінде. Ол заң мен халыққа қызмет етуді өмірлік мұрат етіп, қазіргі таңда Қытай Халық Республикасында магистратура оқуда.
Осы еске алу күні Ержан Боранбайұлының әріптестері батырға арналған өлең жолдарын орындады.
- Біз оның ерлігін әрдайым есте сақтаймыз, - дейді әріптестері.
Ерлік — уақытпен өлшенбейді. Ол ізбасарлардың ісінен, әріптестердің тағзымынан, халықтың жүрегіндегі мәңгілік алғыстан өмір сүреді. Полиция капитаны Ержан Ахметовтың жарқын бейнесі — антқа адалдықтың, ерліктің және Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің символы ретінде халық жадында мәңгі сақталады.
