Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полицейлер жастарға маңызды таңдауды еске салды

Жетісуда полицейлер жастарға маңызды таңдауды еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында кең көлемді профилактикалық іс-шара өткізді.

Кездесудің ерекшелігі – ол жастар арасында кеңінен танымал "Жайдарман" жобасының республикалық аймақтық лигасының жартылай финалы кезінде өтті. Осылайша полицейлер жастардың үлкен аудиториясын қамтып, қоғамның болашағын айқындайтын жас буынмен тікелей байланыс орнатты.

Іс-шара барысында көрермендерге есірткі қолданудың зиянды салдарын көрсететін әлеуметтік бейнероликтер ұсынылды. Сонымен қатар, "қалта бизнесі" деп аталатын заңсыз әрекетке қатысып, бүгінде жазасын өтеп жатқан азаматтың бейнесұхбаты көрсетілді. Бұл жастарды бір сәттік қателіктің бағасы мен оның қайғылы салдары туралы ойлануға итермеледі.

– Кез келген тәуелділік ұсақ нәрседен басталады – балағат сөзден, шылымнан, бір рюмка ішімдіктен. Ал ары қарай не болады? Сондықтан уақытында тоқтап, дұрыс таңдау жасау өте маңызды, – деп атап өтті полиция қызметкерлері өз үндеуінде.

Полицейлердің айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер жастарға жақын, әрі олардың ой-өрісіне әсер етуге мүмкіндік береді. Себебі, күлкі мен ойын арқылы жеткізілген ой кейде ең әсерлі тәрбие құралына айналады.

Жетісу облысында полицейлер есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастардың жауапкершілік сезімін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында тұрақты түрде дәрістер, кездесулер мен акциялар өткізіп келеді.

Олардың басты мақсаты – қайғылы жағдайдың алдын алып, әр жасқа саналы таңдау жасаудың маңыздылығын ұғындыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру