Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде "Қорғау" жүйесін тиімді қолдануда

Жетісуда полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде "Қорғау" жүйесін тиімді қолдануда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысының полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы мәдениетін арттыру бағытында заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. "Заң мен тәртіп" қағидаттарына сүйене отырып, патрульдік полиция қызметкерлері жолдағы тәртіпті цифрлық бақылауға және қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін "Қорғау" мобильді қосымшасын тиімді пайдаланып отыр.

Жобаның басты мақсаты – озық цифрлық шешімдерді біріктіру арқылы жол қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеру. "Қорғау" жүйесі "Сергек" бейнебақылау желісімен, жедел басқару орталықтарымен және патрульдік экипаждардың планшеттерімен толық интеграцияланған. Бұл өзара байланыс құқық бұзушылықтарды нақты уақытта тіркеуге және полицияның әрекет ету жылдамдығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Қосымшаның негізгі мүмкіндіктері:
• жалған мемлекеттік нөмірлермен жүрген автокөліктерді анықтау;
• сақтандыру полисі жоқ немесе техникалық байқаудан өтпеген көліктерді табу;
• айыппұлын төлемеген, салық берешегі бар немесе жүйелі түрде жол ережесін бұзатын жүргізушілерді анықтау.

Жобаның маңызы зор:
• жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
• заңсыз көліктер мен жалған нөмірлердің айналымын азайту;
• құқық бұзушылардың жауапкершілігін күшейту;
• ең бастысы — жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Полиция деректеріне сәйкес, жыл басынан бері "Қорғау" қосымшасы арқылы 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталған.

Құрметті жүргізушілер! Ережені сақтау — бұл тек заң талабы ғана емес, өзіңіздің және өзге адамдардың өміріне жауапкершілікпен қараудың белгісі. Бүгінгі мұқияттық — ертең біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру