Жетісуда полицейлердің екі балықшыны құтқарған сәті видеоға түсіп қалды
Жетісу облысында полицейлер суға батып кете жаздаған екі ер адамды құтқарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
23 наурыз күні Ескелді аудандық полициясының кезекші бөліміне дабыл қоңырауы түсті: техникалық тоғанда қайық аударылып, екі ер адам мұздай суға түсіп кеткен. Оларды құтқару үшін оқиға орнына бірінші болып патрульдік полиция экипажы – Мұхтар Нұрмұхамбетов пен Бекқазы Байбол жеткен.
Белгілі болғандай, балық аулап жүрген егде жастағы ер адам қайық аударылған кезде суға құлап кеткен. Оның серігі еш ойланбастан көмекке ұмтылған, алайда көп ұзамай өзі де суға батып кете жаздаған – мұздай суда олардың күші қалмаған.
Полицейлер бірден әрекетке көшкен. Қиналған жандардың айқайын естіген капитан Нұрмұхамбетов батылдық танытып, мұздай суға секіріп, суға кеткендерге қарай жүзе жөнелген. Бірі әбден әлсіреп қалған, тіпті аяғы балық аулау торына шырмалып қалыпты. Ал екіншісі аударылған қайыққа жармасып үлгергенімен, қатты тоңып, әлсірей бастаған.
Жағдайдың өте күрделі екенін түсінген капитан дереу көмек шақырған. Оқиға орнына ТЖД кезекші құтқарушысы келіп, екінші ер адамды судан шығара бастаған. Дәл сол уақытта жедел-тергеу тобы да жеткен. Оның құрамындағы жедел уәкіл Өмірбек Сенбай арқанмен белін байлап, суға сүңгіп, зардап шеккендерді жағаға алып шығуға көмектескен.
Құтқару операциясы төтенше жағдайда өтті. Әрбір қадам қауіпке толы болды, бірақ полиция мен құтқарушылардың бірлескен әрі жанқиярлық әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
Құтқарылғандар – 62 жастағы Асхат Шаяхметов пен 36 жастағы Аман Оспанов өз сезімдерін жасыра алмады. Олар өз құтқарушыларына алғыс білдіріп, дәл осы полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың ержүректілігі олардың өмірін сақтап қалғанын айтты.
Бұл оқиға айналамызда нағыз батырлардың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар өз өмірлерін қауіпке тігіп, көмекке әрдайым әзір екендерін көрсетті.