Жетісуда полиция мен "Динамо" спорт қоғамы балаларды құттықтады
Жетісуда полиция мен "Динамо" спорт қоғамы балаларды құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысындағы кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жүрек жылуына толы мерекелік шара ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған бұл игі бастамаға облыстық полиция қызметкерлері мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының өкілдері арнайы қатысып, балаларға шынайы қуаныш пен естен кетпес сәттер сыйлады.
Қонақтар балаларға қолдарына сыйлық қана емес, мейірім мен көңіл де ала келді. Кеш барысында балалар үшін түрлі шығармашылық шеберлік сабақтары, көңілді ойындар мен сайыстар өткізілді. Әр балаға арналған жағымды тосынсыйлар мен сыйлықтар олардың жүзінде шаттық күлкісін оятты.
Қонақтар бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдіріп, оларды ешқашан жалғыз қалдырмайтындарын жеткізді. Полиция қызметкерлері балалармен ашық әңгімелесіп, өздерінің қызметі жайлы айтып берсе, "Динамо" қоғамының өкілдері салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын түсіндіріп, белсенді өмірге шақырды.
Балалар бұл кездесуде өздерін еркін сезініп, шынайы көңіл көтеріп, мейірім мен қамқорлыққа бөленді. Шара соңында барлық қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, болашақта тағы кездесуге уәде берісті.
Бұл мерекелік кеш – балалардың жүрегіне жылу ұялатып, қоғамның оларды естен шығармайтынын, әрдайым жанашыр жандар бар екенін сезіндіретін шынайы мейірім үлгісі болды.