Жетісуда полиция жолда қалған Беларусь азаматына көмектесті
Жетісу полицейлері мен жол қызметкерлері шетел азаматына қарлы боранда қол ұшын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарлы боранда жолда қалып қойған Беларусь азаматы Жетісу облысының полицейлері мен «КАЖсервис» ЖШС ДЭУ-35 қызметкерлерінің жедел көмегінің арқасында аман қалды.
Оқиға Үшарал – Достық тасжолында болған. Қатты боран мен көріну деңгейінің төмендігі салдарынан ер адам жолдың ортасында көлігімен тұрып қалған. Қар басқан жолда қозғалу мүмкін болмағандықтан, жүргізушінің өмірі мен қауіпсіздігі қатерге төнді.
Шетелдік азаматтың қиын жағдайға тап болғаны туралы ақпарат алған полиция мен жол қызметкерлері бірден көмекке аттанып, көлікті қар құрсауынан шығарып, оны жақын маңдағы елді мекенге дейін жеткізді.
Көрсетілген қолдау мен қамқорлыққа ризашылығын білдірген Беларусь азаматы Жетісу облысының полицейлері мен жол қызметкерлеріне шынайы алғысын айтты.
Өз кезегінде Жетісу полициясы барлық жүргізушілерге ауа райы жағдайын қатаң ескеріп, боран кезінде алыс сапарлардан бас тартуды ескертеді. Сондай-ақ, ұзақ және қауіпті жолға шығар алдында алдын ала дайындалып, жақындарына бағыттары туралы хабарлап қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Полиция мен жол қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекетінің арқасында қайғылы оқиғаға жол берілмей, адам өмірі құтқарылды. Жетісу облысының полициясы өңір жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда.