Жетісуда TEDx форматында "Салауатты ұлт" жастар форумы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының Достық үйінде TEDx (Technology, Entertainment, Design) форматында ұйымдастырылған шабыттандыратын "Салауатты ұлт" жастар форумы өтті.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі заттарының зияны жөнінде ашық талқылау өткізу және саналы, жауапты өмірлік ұстанымды қалыптастыру болды.
Форумның негізгі міндеті – жас буын арасында салауатты өмір салтының құндылықтарын дәріптеу, зиянды әдеттердің алдын алу, нашақорлықтың салдарын түсіндіру және моральдық-рухани бағытты нығайту.
Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы жастарының өкілдері, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары, спорт саласының белсенділері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форум TEDx форматында өтіп, спикерлер өздерінің жеке тәжірибесі мен кәсіби көзқарастарын ашық әрі мотивациялық түрде бөлісті. Қатысушылармен Жетісу облысының полиция департаменті қызметкерлері, облыстық наркологиялық диспансер мамандары, "Қос Қанат" үкіметтік емес ұйымының мүшелері, "Жетісу" футбол клубының өкілдері және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелері пікір алмасты.
Әрбір спикердің сөзі шынайылық пен жігерге толы болды. Мотивациялық және танымдық баяндамалар тыңдаушыларға қалыпты құбылыстарға жаңа көзқараспен қарауға, денсаулық пен жеке жауапкершіліктің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.
Форум барысында қатысушылар есірткіге тестілеу аймағынан өтіп, "Бір таңдау – бір өмір" атты әлеуметтік бейнероликті тамашалады және салауатты өмір салтына арналған тақырыптық көрмемен танысты.
Іс-шара пікір алмасуға арналған ашық алаң мен сұрақ-жауап сессиясымен қорытындыланды. Әр қатысушы өзіне маңызды сұрақ қойып, мамандардан кәсіби жауап алды. Форум соңында жастар "Біз – салауатты ұлтпыз!" ұранымен фото және бейнеқұттықтау түсіріп, белсенді өмір салты мен жарқын болашаққа ұмтылыстың символына айналды.
