Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда ұландықтар жарақат алған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің сарбаздары Талдықорған қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде аяғы тайып кетіп, құлап қалған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 1 ақпан күні сағат 19.25 шамасында болды. Қала тыныштығын қадағалап жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Бақытбек Исаев және патрульдеуші қатардағы Айдын Мәдібек пен Бақытжан Ерман жолда келе жатып құлап қалған әйелді көріп, бірден көмекке асықты.

Радиостанция арқылы дереу жасақ кезекшісіне жағдайды баяндап, жедел жәрдем шақыртуын сұрайды. Көмекке асыққан ұландықтар оқиға онына келіп зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жедел жәрдем келген соң азаматшаны мамандарға табыстады.

- Біз өзімізге бекітілген ауданды қадағалау барысында Шевченко көшесінің бойында аяғы тайып, құлап қалған азаматшаны байқадық. Ойлануға уақыт болмады, көмектесуге ұмтылдық. Дереу жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Басындағы жарақатын қажетті медицина заттарымен таңып, ыңғайлы жерге отырғыздық, - деді Бақытбек Исаев.

Ұландық жауынгерлердің жедел әрекетінің арқасында тағы бір адамның өміріне қауіп төнбеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру