Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда "Жас сақшы" кадеттері полиция ардагерімен кездесті

Жетісуда "Жас сақшы" кадеттері полиция ардагерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Республика күні қарсаңында Жетісу облысында ерекше мәні бар тағылымды кездесу өтті. "Жас сақшы" кадет сыныптарының оқушылары Ішкі істер министрлігінің ардагері, Жетісу облысы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерік Болатаевпен жүздесті.

Бұл кездесу жас буын үшін нағыз батылдық пен патриотизм сабағына айналды. Ардагер өз өмір жолы, қызмет барысында бастан өткерген қиындықтар мен табыстар, сондай-ақ ел тыныштығын қорғаудағы борыш пен жауапкершілік туралы жүрекжарды әңгіме өрбітті.

— Елге қызмет ету — бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Полиция қызметкері болу — әділеттіліктің алдыңғы шебінде тұрып, халықты қорғау, өзгелерге үлгі болу деген сөз, — деді Ерік Байжұманұлы.

Кадеттер ардагердің әр сөзін қызыға тыңдап, оның өмірлік тәжірибесінен үлгі алды. Көптеген оқушылар бұл кездесу олардың таңдаған жолының дұрыстығына деген сенімді нығайтқанын атап өтті.

Кездесу соңында жас сақшылар Ерік Байжұманұлына ақжарма тілектерін білдіріп, еңбегі мен кеңестері үшін алғыс айтты. Өз кезегінде ардагер жас ұрпақтың ел амандығы мен тыныштығын қорғауда үлкен жауапкершілік танытатынына сенім білдірді.

Мұндай тағылымды кездесулер жас буынды отансүйгіштікке, ерлікке және адал қызмет етуге баулиды. Ертеңгі ел қорғаны болатын батыл да рухы биік ұрпақ дәл осындай сабақтардан нәр алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру