Жетісуда жас сақшылар полиция қызметімен танысты
Жетісуда жас сақшылар полиция қызметімен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында “Жас сақшы” жобасының жаңа кезеңі бастау алды. 2025–2026 оқу жылынан бастап жобаға бірден үш сынып қосылды. Жас сақшылар қатарын толықтырғандар:
— Талдықорған қаласы №14 мектептің 6 “А” сыныбы (19 оқушы);
— Талдықорған қаласы №18 мектептің 7 “Ә” сыныбы (24 оқушы);
— Сарқан қаласындағы 7-сынып оқушылары (24 оқушы).
Балалар өздерінің алғашқы оқу күндерін мектеп партасында емес, 13 қыркүйекте Жетісу облысы полиция департаментінде өткен танымдық экскурсиядан бастады.
Экскурсия барысында оқушылар:
— Кинологиялық орталықта қызметтік иттердің дайындығына куә болып, олардың полиция қызметіндегі маңызын көрді;
— Оперативтік басқару орталығында аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін тікелей бақылап білді;
— Генерал-майор милиция Ә. Болсамбеков атындағы мұражайда ішкі істер органдарының тарихымен және қызмет дәстүрлерімен танысты.
“Жас Сақшы” бүгінде жай ғана білім беру бастамасы емес. Ол балалардың ой-өрісін кеңейтіп, патриоттық сезімін қалыптастырады, заңға құрмет пен полиция қызметіне қызығушылықты арттырады. Мұндай шаралар жасөспірімдер үшін қоғамға қызмет етудің алғашқы қадамына айналады.
Жас сақшылар тәртіп пен жауапкершіліктен бастау алады. Дәл осындай жобалар арқылы болашаққа сенім қалыптасып, заң мен әділдікті қорғауға дайын жаңа ұрпақ өсіп келеді.