Жетісуда жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жүргізілуде
Жетісуда жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдағы заңды тәртіпті жолдағы қауіпсіздіктен бөлу мүмкін емес. Күн сайын жолдарда мыңдаған жүргізуші, жолаушы мен жаяу жүргінші қозғалады. Олардың әрбір әрекеті адамның өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді.
Жетісу өңірінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қатысушыларының тәртібін қамтамасыз ету басты назарда. Патрульдік полиция батальоны тәулік сайын 991 шақырым жолды бақылайды. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың жолын кесіп, кез келген төтенше жағдайға дер кезінде әрекет ету.
Жыл басынан бері шамамен 33 мың жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Ең көп таралған себептер – жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншілердің ережені елемеуі және мас күйінде көлік басқару. Осындай жауапсыздықтың салдары қайғылы апаттарға алып келеді.
Әрбір жол апаты – жай ғана статистика емес, ол – бір адамның тағдыры, бүтін бір отбасының қайғысы. Сондықтан жолдағы тәртіп пен заңға бағыну – формалдылық емес, әр азаматтың өмірін қорғаудың басты шарты.
Қауіпсіздіктің негізі – әркімнің жеке жауапкершілігінде. Жол ережесін сақтау – өз өміріңді де, өзгенің өмірін де қорғау деген сөз!