Жетісуда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда
Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар қарқынды түрде жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері “Жаяу жүргінші’, “Мас жүргізуші”, “Жылдамдық” және басқа да тақырыптар бойынша 49 жедел-профилактикалық шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар аясында жол қозғалысына қатысушыларға түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп келеді.
Жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) себептерін талдау апатты-қауіпті учаскелерді анықтап, патрульдерді тиімді орналастыруға мүмкіндік берді. Патрульдік жасақтар саны көбейтіліп, арнайы рейдтік шаралар жүргізілді. Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан, есепті кезеңде 596 ЖКО тіркеліп, 120 адам қаза тауып, 876 адам жарақат алғаны анықталды. Апаттардың басты себептері жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі болып отыр.
Алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар, әсіресе демалыс күндері жиі өткізіледі. Облыс көлемінде 103 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталды. Олардың ішінде:–
– 17 645 жағдай жылдамдықты шамадан тыс арттыру,–
– 57 рет қарсы жолаққа шығу,
– 472 мас күйінде көлік басқару,
– 11 194 жаяу жүргіншілер тарапынан ереже бұзушылықтар тіркелді.
Жол қозғалысын бақылауды автоматтандыру мақсатында облыс аумағында “СЕРГЕК” жүйесінің 216 бақылау камерасы және жылдамдықты тіркеуге арналған 8 сертификатталған “КРИС-П” фото-радиолокациялық кешені орнатылған. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі ерекше назарда: мектептер жанындағы өткелдерге жүргізушілерге сақ болуды ескертетін 99 макет қойылды.
Қабылданған шаралар кешені жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.