Жезқазғанда ер адам көліктен әмиян ұрлап кетті
Жезқазғанда ер адам көліктен құжаттары мен ақша салынған әмиянды ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қарашада Қарағанды облысы Жезқазған қаласының ПБ-на 38 жастағы ер адам хабарласқан. Жәбірленуші Қарағандыдан келгенін түсіндірді. Түнде ол көлікті көпқабатты үйдің ауласына қойып, таңертең көлікте қалған әмияны жоғалғанын білген. Белгісіз біреу жүргізуші жақтан есікті бұзып ашып, әмиянды жымқырып кеткен. Оның ішінде 200 мың теңге, құжаттар, банк карталары болған. Жәбірленуші материалдық шығын көлемін 450 мың теңгеге бағалаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ПД-нің криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Күдікті қылмысын мойындап, айғақты заттар алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.