Жезқазғанда такси жүргізушісі кәсіпкердің жүгін иемденіп кетті
Жезқазғанда такси жүргізушісі кәсіпкердің жүгін иемденіп кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 мамырда Қарағанды облысы Жезқазған қаласының ПБ-на 50 жастағы кәсіпкерден өтініш келіп түсті. Ол белгісіз такси жүргізушісі өзіне тиесілі 83 мың теңгенің мыс және алюминий кабельдерін иемденіп алғанын айтты.
Жәбірленушінің өзі Жезқазғанға Сәтбаев қаласынан келген екен. Кәсіпкер өндіріс үшін қажетті кабельдерді сатып алған. Сәтбаевқа тауарды жеткізу үшін ол жүк таксисіне тапсырыс беріп, оның жүргізушісіне кабельді қай мекен-жайға әкелу керек екенін түсіндіреді. Бірнеше сағаттан кейін жәбірленуші Сәтбаев қаласына оралып, жүктің белгіленген жерге жеткізілмегенін анықтаған.
Полиция қызметкерлері 28 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, айғақты заттар алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (Басқалардың сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.