Жезқазғанда «Жас сақшы» сыныбының кадеттері полиция жұмысымен танысты
Жезқазғандағы N 3-ші орта мектеп базасында алғаш рет ашылған «Жас сақшы» сыныбының кадеттері полиция басқармасының жұмысымен танысу үшін барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жас сақшылардың полиция әлеміне саяхаты басқарманың мұражайынан басталды. Мұражай 2012 жылы ІІМ құрметті ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Аманбек Мұқатаевтың жеке бастамасымен ашылған. Онда өткен заманнан сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлер жинақталған. Бүгінде Ұлытау облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Мұқатаев кадеттерді милиция генерал-майоры Мұрат Құрмановтың өмірі мен еңбек жолымен таныстырды. Себебі Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасын 12 жыл басқарған генерал-майор Мұрат Құрмановтың есімі осы кадет сыныбына берілген. Генерал-майордың ізбасарлары ардагердің әңгімесін қызыға тыңдап, батыр тұлғасына деген қызығушылықтарын білдірді.
Мұражайдан кейін саяхат басқарманың кезекші бөліміндегі «Бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесі» орталығында жалғасты. Жас сақшылар қала тыныс-тіршілігін бір экраннан бақылап, заңға қайшы әрекеттерді, тіпті қоқыс тастауды да қырағы камера арқылы анықтауға болатынын байқап, осы жүйенің жылдамдығын көрді. Одан бөлек, өз оқитын мектептерінің бақылау жүйесінің де осы орталыққа қосылғаны көрсетілді.
Құқық қорғау саласымен болашағын байланыстырғысы келетін бұл ұрпақ бүгіннен бастап полиция қызметімен етене танысып, болашақта жұмысын бір бағытта жалғастыруға дайын. Ертеңгі ел қорғаны, қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі болар жас ұрпақ бүгіннен бастап заң мен тәртіптің маңызын түсініп, танып-білуде.