Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазғанда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша байқау өтті

Нашақорлықтың алдын алу және ЖИТС-пен күрес жөніндегі ақпараттық науқан аясында Жезқазған қаласында жастар арасында "Таңдау Сізде!" атты үгітбригадалар байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі мен зиянды әдеттердің қауіптілігін түсіндіру, сондай-ақ ЖИТС инфекциясының алдын алу бойынша ақпарат беру.

Байқауға Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы колледж студенттерінен құралған 12 үгітбригада қатысты. Әр команда 5 минуттық сахналық қойылым ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шығармашылық тұрғыда жеткізді. Қатысушылар есірткінің зияны, жауапсыз әрекеттердің салдары, дұрыс өмірлік таңдау жасау және адам денсаулығын сақтаудың маңызы туралы әсерлі көріністер көрсетті.

Іс-шараны Ұлытау облысы полиция департаменті мен облыстық ЖИТС орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында Ұлытау облысы полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Ерғали Қожабаеков сөз сөйлеп, жастарды дұрыс таңдау жасауға, денсаулық пен қауіпсіздікті басты құндылық ретінде бағалауға шақырды.

Байқау барысында қатысушылардың шығармашылық қабілеті, сахналық шеберлігі, тақырыпты ашу деңгейі және көрерменге әсері қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Нәтижесінде үздік командалар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру