Жезқазғандық пробация қызметкерлерінен жасырынып жүрген есептегі сотталған елордада ұсталды
Жезқазған қаласының пробация қызметінің қызметкерлерінен жасырынып жүрген есептегі сотталған елордада ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
33 жастағы азамат ҚР ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін Жезқазған қаласының пробация қызметінің есебінде тұр, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі оған тіркеу кезінде түсіндірілді.
Есепте тұрған уақытта сотталған адам бос уақытында тұрғылықты жерінде болмай, шектеу шарттарын екі рет бұзған, ол үшін бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мүмкіндігі туралы екі рет жазбаша ескерту берілген. Бірнеше рет жазбаша және ауызша ескертулерге қарамастан, сотталған адам ақпан айында пробация қызметкерлерінен қашып кеткен.
Жезқазған қаласында облыстық “Қадағалау” жедел-профилактикалық іс-шарасы мен “Есептегі тұлға” республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында пробация қызметкерлері Астана қаласының полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, жасырынып жүрген азаматты ұстады.