Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жігер мен шеберлік сыналған додада үздіктер анықталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастамасымен еліміздегі Спорт күні және Конституцияның 30 жылдығы мерекелеріне орай спорттық жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 Тартысты өткен спартакиадаға барлығы бес құрама команда қатысты. Олардың қатарында ІІМ орталық аппаратының тергеу, жедел-криминалистикалық, әскери тергеу мен құқықтық және норма шығармашылығын үйлестіру департаменті, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери полициясы бар.

Полиция қызметкерлерінен құралған үздік командалар спорттың кіші футбол, үстел теннисі, шахмат, қару ату түрлерінен бөлек, ұлттық ойындар – асық ату мен арқан тартыстан өзара мықтыны анықтады. Спорттық шараның шымылдығын Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Санжар Әділов ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған спартикаданы өткіздік. Әртүрлі спорт түрінен өткен жарыс бірліктің, өзара қолдаудың және нәтижеге ұмтылудың жарқын үлгісі болды. Сіздер тек спорттық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар қызметте де, өмірде де мақсатқа жетуге көмектесетін командалық рухты көрсеттіңіздер. Жақсы ойын өрнегін көрсеткені үшін барлық қатысушыларға, сондай-ақ, белсенді қолдау білдірген жанкүйерлер мен іс-шараны дайындаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деді ҚР ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы Мұратжан Шакеров.

Жарысқа қатысушылар қызықты ойын өрнегін байқатты. Әсіресе, командалық жігерді көрсететін кіші футбол мен арқан тартыстағы қызу бәсекеде қызметкерлерден құралған командалардың мүшелеріне жанкүйерлер өз тарапынан үлкен қолдау танытты. Ал жекеленген сайыс түріне жататын үстел теннисі, шахмат пен асық атуда қатысушылар дәлдік пен жоғары ақыл-ойды көрсете білді. Нәтижесінде жалпы командалық есепте сайыстың жүлделі үшінші орнын Әскери полиция басқармасы иеленсе, екінші орынды Тергеу департаменті алды. Ал жарыстың алғашқы бірінші орнын Жедел-криминалистикалық департаменттен құралған команда қызметкерлері еншіледі.

Спартакиадада жеңімпаз атанғандарға кубок, диплом және естелік сыйлық табыс етілді.

Авторы: Сүйкім ТІЛЕПБЕРГЕН,

суреттерді түсірген

Қуанышбек ДҮЙСЕНБЕКОВ

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру