Жігіт такси жүргізушісін ұрып кетті
Түркістан облысының полицейлері такси жүргізушісін ұрып-соққан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-не аудандық ауруханадан Келестік тұрғын дене жарақатымен көрінгені туралы хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші «Ауди» маркалы көлігімен ауыл арасында такси қызметін атқарып жүргенінде бейтаныс адам отырып, оны айтқан мекен-жайына әкелген. Алайда көліктен түсерінде күдікті себепсіз жүргізушіні ұрып-соғып, қашып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жетісай аудандық полицейлерінен осы іске байланысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, тәртіп сақшылары екі күн бойы бұзақылық жасаған жігітті іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Соңында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жігіт өзінің бұзақылық әрекетін толығымен мойындады. Бас шарасы «ешқайда кетпеу туралы міндеттеме». Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға барынша сақ болуды ескертеді. Егерде осындай бұзақылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, уақыт өткізбестен, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.