«Жиһаз шебері» Қарағанды облысының тұрғындарын алдап кетті
Өзін «жиһаз шеберімін» деп таныстырған алаяқ 180 мың теңгені ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қыркүйек күні Нұра аудандық полиция бөліміне 41 жастағы әйел мен 37 жастағы азаматтан арыз түскен. Олар арызында 13 шілдеде ауылға белгісіз азамат келіп, өзін «кәсіби жиһаз шеберімін» деп таныстырып, олардың үйіне «сәнді жиһаз жасап беремін» деп уәде берген. Белгісіз азаматтың айтқанына сенген жәбірленушілер оған 180 мың теңге ақша берген. Осы қаражатты алған азамат бұдан кейін бұл ауылға қайтып келмеген. Алаяқтың арбауына түскенін сезген жәбірленушілер полициядан көмек сұраған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы ер адам анықтап ұстады. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.