«Жиһаз жасап беремін»: шымкенттік тұрғын танысын 350 мың теңгеге алдап кетті
Шымкенттік полицейлер тұрғынды жиһаз жасап беремін деп алдаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, танысы бір ай көлемінде келісілген жиһазды жасап беремін деп сендірген. Алайда арада 30 күн уақыт өте не жиһазын, не ақшасын қайтармай “ізін суытқан”. Келтірілген шығын көлемі 350 мың теңгені құраған.
Аталған жайт бойынша тәжірбиелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап, ақшасын иемденген ер адамды қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат арызданушыдан алған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.