Жоғалған 28 қой көрші жайылымнан табылды
Түркістан облысында тәртіп сақшылар тұрғынның жоғалып кеткен қойларын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті ауылдардың бірінен ұсақ қара малдарының жоғалғаны жөнінде тұрғын арызданады. Жігіттің айтуынша, кешкі уақытта ауылдан үш шақырым жерде орналасқан жайылымнан 28 бас қойы жоғалып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен миллион теңгені құрады. Бірінші өзі іздеп таба алмаған соң, тұрғын
полицейлерден көмек сұраған. Тәртіп сақшылары бұл жайтты полиция бөлімінде тіркеп, іздеу шараларын қолға алды.
Жоғалған қойларды табу мақсатында Созақ АПБ-де жедел уәкілдер мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен бірнеше мобильді топтар құрылды. Полиция қызметкерлері бірнеше топқа бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден сұрастырып, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде Созақ АПБ қызметкерлері жоғалған 28 қойды жеті шақырым қашықтықтағы көрші жайылымнан тапты. Табылған үй малдарын тәртіп сақшылары заңды иесіне қайтарып берді.
Созақ ауданының тұрғыны Ерсұлтан Асанбеков малдарын үйіне қайтаруға көмектескен жергілікті полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.