Жоғалған 3 бас жылқыны полицейлер тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған жылқыларды тауып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз арызында түнгі уақытта жайылымда жүрген үш бас жылқысы белгісіз жағдайда ұшты-күйлі жоғалып кеткенін көрсеткен. Аталған арыз Төлеби АПБ-не тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің айтуынша 1,5 миллион теңгедей шығын келген.
Жоғалған жылқыларды тез арада табу үшін аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлерінен арнайы топ құрылды. Полицейлер жылқылар жайылатын аймаққа қарай бірден бағыт алып іздестіруді бастап кетті. Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрастырды. Сонымен қатар мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексерілді. Нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздерімен екі апта бойы жүргізілген іздестіру шараларынан кейін, білікті полицейлер Қазығұрт ауданынан жылқыларды тапты. Белгілі болғандай жылқылар, Қазығұрттағы өзге үйірге қосылып кеткен. Осылайша жоғалған үш бас жылқы иесіне тапсырылды.
Жылқылар жоғалған сәттен бастап жедел әрекет етіп, ұры-қарының қолына түспеуіне септігі тиген полицейлерге жәбірленушінің айтар алғысы шексіз.
– Полицейлер жылқыларымды күн-түнге қарамастан іздестіріп, тауып берді. Олардың шын мәнінде жедел қызмет ететініне көзім жетті. Қызметтеріңіз алға басып, абыройлы болыңыздар. Рахмет сіздерге. Алғандарыңыз тек алғыс болсын, – деп сақшыларға ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде облыс полицейлері мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмай, ұқыпты болу керектігін ескертеді. Сондай-ақ мал тұрағының шаруашылық жайы мұқият бекітіліп, төрт-түлікке қажетінше ен салынып, таңбалануы тиіс. Малыңыз жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласқаныңыз дұрыс.
Егер де сіз кез-келген қылмыстық оқиғаның куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.